Республика күні аталып өтті.
Республика күніне орай Шымкент университетінің жастары «Мен елімді сүйемін» атты челлендж ұйымдастырды. Мерекелеудің негізгі арқауы республика мен ұлт үшін пайдалы істерге ұлтты ұйыстыру, жастарымыздың санасына патриоттық ой, өршіл рух беру. Келешекте әр бағыт бойынша ел дамуына өз үлесін қосуға тәрбиелеу.
Университетіміздің ректоры профессор-оқытушылар мен білімалушыларды еліміздің рухын асқақтатқан, басты құндылықтарымыз – ынтымақ- бірлігімізді арттырған айшықты мерекемен құттықтады.
- Бабалар аңсаған бақыт бастауы болған тәуелсіздік – елдің баға жетпес байлығы. Ал, Республика күні тәуелсіздігіміздің алтын тұғыры болмақ. Тірегі – тұрақтылық, тілегі – татулыққа негізделген елімізде бүгінде әлем бейбітшілік бесігі деп мойындайды. Біз мұны зор мақтаныш сезіммен айтамыз. Бұл біздің жалпыұлттық мерекеміз. Қазақстан жыл өткен сайын өзіне сенімді, ұлттық дәстүрлерін заманауи дамумен ұштастыра білген мықты мемлекетке айналып келеді. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып, орнықты дамуға бет алған, алдыңғы қатарлы мемлекет болуымыз үшін Президентіміз атап өткендей, «отаншыл, білімпаз, еңбекқор, таза әрі жанашыр» болуға ұмтылуымыз қажет. Осындай маңызы бар тарихи думанда еліміздің туы асқақтап, келешегі көркейе берсін.Егемендігіміз мәңгі болып, бірлігіміз нығая берсін. Отанымыз қазақ елінің тұғыры мәңгі биік болсын! - деп ізгі тілектерін жеткізді.