- Ғылыми ынтымақтастық және жаңа жобалар талқыланды
- Шымкент университетінің Экология және биология ғылыми-зерттеу институтының директоры, биология ғылымдарының докторы, профессор Исаева Ақмарал Өмірбекқызы «Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-нің бас директоры, ҚР ҰҒА академигі, биология ғылымдарының докторы, профессор Саданов Аманкелді Құрбанұлымен кездесті.
- Кездесу аясында Ақмарал Өмірбекқызы «Өнеркәсіптік микробиология» ЖШС өндірістік кәсіпорнына барып, оның жұмысымен танысты. Кәсіпорынның атқарушы директоры және бас технологымен бірге экологиялық және медициналық мақсаттағы биотехнологиялық өнімдер өндірілетін цехтарды аралады. Мамандар өндіріс үдерісі, қолданылатын заманауи технологиялар және шығарылатын өнімдердің ерекшеліктері туралы ақпарат берді.
- Академик Аманкелді Садановпен өткен кездесуде тараптар ғылыми ынтымақтастықты дамыту, бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыру және тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады. Сонымен қатар Шымкент университетінің базасында ғылыми орталықтың филиалын ашу перспективалары қарастырылды.
- Бұл бастама университеттің ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыруға, биотехнология саласындағы жобаларды дамытуға және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.



