2026 жылғы 14 қазанда Шымкент университетінің Ғылым департаментінің жанынан құрылған Жас зерттеушілер кеңесінің ұйымдастыруымен «Scopus журналдарына ғылыми мақала жазудың өзіндік тәжірибесі» тақырыбында ғылыми-әдістемелік семинар өтті.
Семинар спикері – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің PhD докторы, қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2025» атағының иегері Ерлан Дүйсенбекұлы Исаков.
Кездесу барысында Scopus деректер базасында индекстелетін ғылыми журналды дұрыс таңдау, ғылыми мақаланың құрылымын әзірлеу, зерттеу нәтижелерін сапалы ұсыну, журнал талаптарына сәйкес рәсімдеу және мақаланы жариялауға ұсыну кезеңдері жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар жыртқыш журналдарды ажырату, рецензенттердің ескертулеріне жауап беру және жарияланым белсенділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Ерлан Дүйсенбекұлы ғылыми мақала дайындау мен жариялаудағы жеке тәжірибесімен бөлісіп, қатысушылардың сұрақтарына нақты жауаптар мен тәжірибелік кеңестер берді.
Семинарға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, Жас зерттеушілер кеңесінің мүшелері, жас ғалымдар, докторанттар мен магистранттар қатысты. Кездесу барысында қатысушылар ғылыми жарияланымдарды сапалы дайындауға қажетті құнды ақпарат алып, өзара пікір алмасты.
Шымкент университеті атынан Ерлан Дүйсенбекұлына мазмұнды дәрісі, тәжірибелік ұсыныстары және ғылыми ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіреміз!




