Симова Бибажар Иманбекқызының жеңімпаз болуымен шын жүректен құттықтаймыз!
Симова Бибажар Иманбекқызы өзінің саналы ғұмырының барлық кезеңінде, өмір ағымынан қалмай ілесіп, қоғамдық жұмыстың қай саласы болмасын еселі еңбегімен, өнерімен құрметке бөленіп жүргені барлығымызға аян. Сәндік қолданбалы өнердің шебері, Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі Бибажар Иманбекқызын бүгінгі күні қолөнерді көкөрекке түйген шебер деп атайды. Халқымыздың қолөнерінің тамырын тереңге жайып, кең таралуына бір кісідей үлес қосып келеді.
Ол адалдық пен тазалық, іскерлік пен азаматтықты асқақ ұстанған жан. Жұмыс барысында қандай жүктеме болса да, орындауға дайын. Қала, Облыс, Республика көлемінде өтілетін мәдени іс-шаралардың барлығының бел ортасында қызмет етіп келеді. Ерен талант иесі, халқымыздың даналығын, салт-дәстүрін, ұлттық ұлағатын, болмыс-бітімін, мейірім-мақсұтын шығармашылық қиялдарының қанаттары арқылы шырқау биікке көтеріп келеді. Өз шеберлігімен қолөнеріміздің кестелеу, ши тоқу, алаша тоқу, гобелен, кілем тоқу түрлерін жарыққа шығарып, мәдени іс-шараларда насихаттап келеді.
Ол өз жұмысында халқымыздың мәдениетін, салт-дәстүрін, тұрмысын көрсетуге, оны оданда тереңірек жеткізуге тырысады. Ұлттық өнердің тылсым сырларын шегелеп айтудан бір жалықпаған Б.Симованың қолынан шыққан дүниелері Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Мәдени мұра» атты бағдарламасының ел ішінде кең қанат жая іске асқандығының айғағы ретінде Алматыда өткен «Қанатты әйел» форумына қатысып, өз бағасын алып қайтты.
Бибажар апай бойындағы бар өнерін жастарға, әсіресе қыз балаларға үйретуден еш жалықпайды. Ол биік адамгершілігімен, ізгілігімен, сыпайы нәзік мінезімен, еңбекқорлығымен ұжым алдында қадірлі де, құрметті.