Білім беру үрдісінде дуальді оқыту жүйесінің тиімділігі
6В01301-«Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» білім беру бағдарламасының 4 курс студенттері дуалдық оқыту жүйесі бойынша қаламыздың №39 М.Жұмабаев атындағы жалпы білім беретін мекемеде білім алуда
Бүгінгі күннің болмысы кәсіби білім жүйесі алдында еңбек нарығында бәсекеге қабілетті білікті мамандар даярлау, өз мамандықтарын жетік меңгерген, өз мамандығы бойынша тиімді жұмыс жасауға қабілетті, тұрақты кәсіби өсуге дайын, әлеуметтік және оңтайлы кадрларды даярлауды талап етеді. Осыған байланысты қойылған басты міндет-мемлекеттік құрылымдардың күшін біріктіру, жұмыс берушілер мен оқу орындарын білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесінде жұмылдыру.
Өңірлерде дуальдық жүйені енгізу бойынша жұмыстар кәсіпорындармен оқу жоспарларын, оқу процесінің кестесін қайта қараумен, жалпы білім беретін мекемелердің материалдық-техникалық базасын жетілдірумен тығыз байланысты. Сонымен қатар, мамандықтар тізімін ұлғайтуға, оқытушылардың біліктілігін арттыруға ден қойылуда. Дуальды жүйемен оқытудың жетістігі көп.
Біріншіден, бітіруші түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары болады, себебі оқу барысында жалпы білім беретін мекемелермен тығыз байланыста болған білім алушы жұмыс берушінің барлық талаптарын игеріп, меңгерген маман болады.
Екіншіден, жақсы білімді, болашақ педагог маман психологиялық жағынан жаңа ортаға бейімделген дайын маман болып шығады. Теория мен тәжірибені меңгеріп, бекітілген жұмысқа деген жауапкершілік сезімі жоғарылайды. Білім беретін мекемеде болғандықтан ұжыммен жұмыс жүргізеді және өндірістегі жұмыстарға бейімделеді. Сондықтан еліміздегі өндіріске қажетті мамандар әзірлеу деңгейін көтеру міндетін әлеуметтік серіктестік, теория мен тәжірибенің үйлесімділігі атқарады. Бұл үйлесімділік дуальды білім беру жүйесінде жан-жақты өрістей алады.
Қазіргі таңда Шымкент университеті «Педагогика» кафедрасы бойынша 6В01301-«Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» білім беру бағдарламасының 4 курс студенттері дуалдық оқыту жүйесі бойынша қаламыздың №39 М.Жұмабаев атындағы жалпы білім беретін мекемеде білім алып жатыр. Алғашқы күннен бастап мекемеде болған білім алушы, өзінің білім мен ынтасын көрсете білді. Бұл дуалды жүйемен оқытудың тағы бір жетістігі білім алушылар тек қана теорияны ғана меңгермей, өндірістегі соңғы жаңалықтарды біліп, заманауи талаптарды меңгереді. Дуалды оқыту жүйесінің кәсіби мамандар даярлауда тиімділігі мен нәтижелілігі зор екендігі тәжірибеде дәлелденген. Студенттер осы практика базасында теория мен тәжірбиені ұштастырып жұмыстар жасауда және олар өндірістік машықтану кезінде озат іс тәжірибелі мамандардан үйреніп, жаңа жабдықталған технологияны меңгереді және жұмыстар жасайды.
Біздің басты бағытымыз – өзінің туған жері мен елін сүйетін, білімді де білікті, ұтқыр ойлы ұрпақтар тәрбиелеу. Студенттеріміз сапалы білім алып, отанға деген патриоттық сезімін, еліне деген сүйіспеншілігін болашаққа деген нық сеніммен қадам басып өз міндеттеріне жауапкешілікпен қарайды деп сенеміз.