Шымкент университеті мен Ыстамбұл Гелишим университеті арасында стратегиялық серіктестік орнатылды

2026 жылғы 27 сәуірде Шымкент университетінің делегациясы Түркия Республикасындағы Ыстамбұл Гелишим университетіне ресми сапармен барып, «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасы бойынша бірлескен білім беру бағдарламасын іске асыру жөніндегі келісімге қол қойды.

Делегация құрамында Шымкент университетінің президенті Пралиев Ғалымжан Серикович, ректор Сейткулов Нурлыбек Акынулы, академиялық мәселелер және стратегиялық даму жөніндегі проректор Керімбекова Акбопе Айткуловна, Түркия елі бойынша үйлестіруші Пириева Севиль, сондай-ақ Маркетинг және қоғаммен байланыс департаментінің директоры Саипов Фурхат болды.

Сапар аясында екіжақты кездесулер өткізіліп, тараптар ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын жан-жақты талқылады. Атап айтқанда, бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру, білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын дамыту, сондай-ақ дене шынықтыру және спорт саласында білікті мамандар даярлау бойынша тәжірибе алмасу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Ыстамбұл Гелишим университеті өкілі университеттің заманауи білім беру инфрақұрылымын, материалдық-техникалық базасын, спорттық кешендерін және ғылыми-зерттеу әлеуетін таныстырды. Өз кезегінде Шымкент университеті делегациясы оқу орнының даму стратегиясын, халықаралық қызмет бағыттарын және серіктестікті кеңейтуге бағытталған бастамаларын ұсынды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылып, аталған құжат бірлескен білім беру бағдарламаларын дамытуға, ғылыми-зерттеу қызметін жандандыруға және академиялық алмасуды кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашады.

Тараптар қол жеткізілген уағдаластықтар ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді серіктестіктің берік негізіне айналатынына сенім білдіріп, жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін растады.

Байланыстар

Мекен-жайы: Шымкент қаласы,
Қаратау ауданы, Тассай шағын ауданы,
Жібек жолы көшесі, жер телімі №6
Индекс:
160031
Тел.: 8(7252) 55-58-61
Пошта: shu2050@mail.ru

Пайдалы сілтемелер

Жол жүру сызбасы