Ректор үндеуі
Шымкент университеті ұжымы Елбасы жолдауын
ден қойып тыңдады
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылдың 05 қазанындағы «ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫНЫҢ ӨСУІ: ТАБЫС ПЕН ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ» атты халыққа арнаған Жолдауы Шымкент университетінде тыңдалып, университеттің профессор-оқытушылар құрамы және студенттері мен магистранттары арасында кеңінен насихатталуда. 2018-2019 жаңа оқу жылының басында тыңдалған Елбасы Жолдауы қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру аясын қамтыды.
«Біздің стратегиялық мақсатымыз – 2050 жылға қарай әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу» - деп түйінді сөзбен бастаған Президент тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің қол жеткізген жетістіктерін атап көрсете отырып, алдағы жаңа міндеттерге жеке-жеке тоқталды. «Ұстаздар күні» мерекесі қарсаңында халыққа арналған Жолдауында Мемлекет басшысы «Педагог мәртебесіне» ерекше мән берді. Педагог мәртебесі туралы арнайы заң қабылданып, болашақта «ұстаз» деген ұлы есім өз дәрежесінде дәріптелетініне ден қойды. Бала-бақшаларда, мектеп қабырғасында өсіп келе жатқан жас ұрпаққа, сонымен қатар жоғары оқу орындарындағы жасампаз еліміздің жас мамандарына берілетін білім мен тәрбиенің сапасы – жаһандық сын-қатерлерге төзімділік танытып, оны еңсеруге қабілетті болуын қадап айтып өтті. Жоғары оқу орындарында Назарбаев университетінің білім беру жүйесіндегі басты бағыттарын оқу үдерісіне енгізуді тілге тиек етті. Жастарды жұмыспен қамту мәселесі де басты назарға ілінді. Мемлекет басшысының алдымызда келе жатқан 2019 жылды «Жастар жылы» деп атауы Шымкент университеті жастарының патриоттық рухын көтеріп, білім алуға, өз ой-пікірлері мен құнды идеяларын білдіруге деген сенімдерін арттыра түсті.
Тыңғылықты тыңдаудан кейін білім мен ғылым және тәрбие саласындағы нақты міндеттерге талдау жүргізу жұмыстарын жоспарлай отырып, университет ұжымы келесідей шешімдер қабылдады:
- Жолдауда айтылғандай жоғары оқу орындарында білім мен тәрбие берудің басты бағыттары университет кеңесінде қаралсын;
- Елбасы Жолдауын насихаттау университеттегі тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруда басшылыққа алынсын;
- Жолдау талаптарын насихаттау жұмысы талапкерлерге кәсіби-бағдар беру кезінде де жүзеге асырылсын.
Шымкент университеті ұжымы Елбасы Жолдауындағы нақты міндеттерді Шымкент қалалық әкімдігімен, Нұр-Отан партиясы Шымкент қалалық филиалы басшылығымен, қалалық «Рухани жаңғыру» орталығымен бірлесе отырып, жүйелі түрде жүзеге асырады.